Қазақстан ДСҰ министрлер конференциясына төрағалық етеді

Еліміз жыл соңында өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттер министрлерінің 12-конференциясына төрағалық етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы ұйымның бас директорымен видеоконференция форматында жүздесіп, арадағы байланысты талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі Нгози Оконджо-Ивеаланы жуырда Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры қызметіне сайлануымен құттықтады. Одан соң тараптар Қазақстанның төрағалығымен өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер министрлерінің конференциясына дайындықты пысықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Дүниежүзілік сауда ұйымы біздің стратегиялық әріптесіміз. Биылғы қарашаның соңы желтоқсанның басында өтетін ұйымға мүше елдер министрлерінің 12-ші конференциясына төрағалық ету үлкен мәртебе. Қазақстан Үкіметі ортақ іс-шарамыздың барлық мазмұндық және ұйымдастырушылық мәселелеріне қатысты пысықтау жұмыстары бойынша ДСҰ Хатшылығымен тығыз ықпалдастық орнатады.

Еліміз конференцияның нәтижелі болуына мүдделі. Біздің тарап күн тәртібіндегі барлық шешілмеген мәселені талқылауға конструктивті түрде үлес қосуға дайын. Президент осыны жеткізді. Бұдан бөлек, тараптар пандемияға қарсы күресті талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым басшысының вакцина бойынша бірқатар елмен жүргізіп жатқан сындарлы диалогын қолдайтынын айтты. Нгози Оконджо-Ивеала Қазақстанның COVID-19 індетіне қарсы күрестегі күш-жігерін жоғары бағалап, отандық QazVac вакцинасының әзірленуімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаевты Женевада өтетін конференцияға шақырды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым басшысын Қазақстанға сапармен келуге шақырды.