427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ауғанстандағы жағдайды реттеу: Қазақстанның рөлі аталды

  • 114
  • UPD: 09:36, 01.06.2021
Ауғанстандағы жағдайды реттеу: Қазақстанның рөлі аталды Сенаттың баспасөз қызметі

ҚР Парламенті Сенатының және Швеция Корольдігі Риксдагының вице-спикерлері парламентаралық өзара іс-қимылдың келешегі мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров швед әріптесі Маргарет Седерфельтті Қазақстандағы президенттік саяси реформалар жөніндегі заңдардың үш топтамасымен, оның ішінде сайлауға, бейбіт жиналыстарға, қоғамдық бақылауға, қылмыстық сот төрелігін жетілдіруге, ұлттық Омбудсменнің мәртебесін нығайтуға және өкілеттігін кеңейтуге қатысты заңнамамен таныстырды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Риксдаг төрағасының орынбасары ЕҚЫҰ мен оның Парламенттік Ассамблеясында белсенді мүше ретіндегі Қазақстанның оң рөлін, оның халықаралық қатынастардағы жоғары әлеуеті мен беделін атап өтті.

Халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында Ауғанстанда қалыптасып отырған жағдайға және оны реттеудегі әлемдік қоғамдастықтың рөліне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты еліміздің осы процеске қосқан үлесі атап өтілді.

Тараптар Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі маңызды рөлін атап өте келіп, сондай-ақ Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі Астана процесі мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында шекаралық қақтығыстарды реттеу тетігін әзірлеу жөніндегі бастамасын ескере отырып, елдің бітімгерлік жөніндегі оң тәжірибесіне тоқталды.

Әңгіме барысында коронавирус пандемиясына қарсы іс-қимыл мәселелері туралы пікір алмасылды. Маргарет Седерфельт коронавируспен күреске орай Қазақстанда қабылданып жатқан шараларды, қазақстандық QazVac вакцинасын әзірлеу мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының One Health бағдарламасы аясында Орталық Азия елдерінің әлеуетін арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының Қазақстанда пилоттық жобаны іске асыру туралы ұсынысын құптады.

Әңгіме кезінде Қазақстан мен Швецияның заңнамалық органдары деңгейіндегі екіжақты және көпжақты сипаттағы іс-қимылмен қоса екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылауға ерекше мән берілді. Жүздесушілер елдер арасындағы парламентаралық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-білім беру байланыстарды өрістетуді жақтады.

Кездесуге Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысып, сөз сөйледі.

Хабар 24 телеарнасы