Сыртқы істер министрінің орынбасары БҰҰ-ның елдік тобымен кездесті

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин өзінің Алматыға жұмыс сапары аясында Халықаралық ұйымдар ғимаратында болып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Сторимен, сондай-ақ Қазақстанда тіркелген БҰҰ-ның өңірлік және елдік мекемелері басшыларымен кездесулер өткізді.

А.Рахметуллин сұхбаттастарын Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары мен халықаралық бастамалары туралы, сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде елімізде демократияландыру, адам құқықтарын қорғау, азаматтық қоғамды нығайту және мемлекеттік аппараттың жұмысын жетілдіру саласында жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар туралы хабардар етті.

Тараптар Қазақстан мен БҰҰ құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары туралы пікір алмасты және ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мен кеңейтуге өзара мүдделігін атап өтті.

Орнықты дамудың 17 жаһандық мақсатын жүзеге асыруға, COVID-19 пандемиясымен және оның жағымсыз әлеуметтік-экономикалық салдарларымен бірлескен күреске, сондай-ақ Алматыны көпжақты дипломатияның субөңірлік хабы ретінде одан әрі ілгерілету шараларына ерекше назар аударылды.

Алматыдағы Халықаралық ұйымдардың жаңа ғимаратын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы ресми түрде ашты. Бүгінгі таңда ғимаратта БҰҰ 18 елдік және өңірлік бөлімшелері орналасқан.

Ақпарат көзі: ҚР СІМ баспасөз қызметі