Сенат төрағасының орынбасары БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі өкілімен кездесті

Сенат төрағасының орынбасары БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азиядағы өкілімен кездесті.

Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азиядағы өңірлік өкілі Рышард Комендамен кездесуде Қазақстан мен осы ұйым ынтымақтастығының келешегін талқылады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Төраға орынбасары әңгіме барысында Мемлекет басшысының бастамасы бойынша елімізде іске асып жатқан маңызды саяси жаңаруларды, оның ішінде заңнамадағы сайлау туралы белгілі өзгерістерді өңірлік өкілге таныстырды. Сондай-ақ еліміз азаматтарының ұсыныстар енгізу жөніндегі онлайн-петицияларын заңнамалық ресімдеу бастамасына, сондай-ақ азаптауларға қарсы күрес, адам саудасы, балаларды кибербуллингтен қорғау туралы заңнаманы жетілдіруге назар аударылды.

Асқар Шәкіров президенттік саяси реформалардың үшінші топтамасында көзделген «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы туралы хабардар етті.

«Құжатта Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесіне, сайлау тәртібіне және оның қызметінің принциптеріне ерекше мән беріледі. Уәкілдің өкілеттіктері едәуір кеңейтіледі, бұл оған жалпыға танылған халықаралық стандарттарға, ең алдымен Париж қағидаттарына сәйкес мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесінде тиісті орын алуға мүмкіндік береді.

Еліміздің барлық өңірлерінде Омбудсмен өкілдерін құру көзделген. Заң жобасы халықаралық және құқық қорғау саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Сарапшылық кеңестің отырысында таныстырылды. Құжат жария талқылау үшін Сенаттың сайтына орналастырылды», – деді Сенат төрағасының орынбасары.

Құқық қорғау саласындағы 2021-2022 жылдарға арналған басым міндеттерінің қатарында Қазақстанның БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясына хабарлау рәсіміне қатысты Факультативтік хаттамаға және БҰҰ Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына Факультативтік хаттамаға қосылуы атап өтілді. Осы халықаралық құжаттарға қосылу жөніндегі тиісті жол карталары әзірленді.

АҚЖКБ өкілі Қазақстанда болып жатқан өзгерістерді жоғары бағалады және ұлттық құқық қорғау мекемесінің қызметіне қажетті көмек көрсетуге әзірлігін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша құқық қорғау жобалары аясында өзара іс-қимылды нығайтуға ниет білдірілді.