Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификацияланды

Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Сенат отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады.

Бұл келісім көші-қон саласындағы екіжақты ынтымақтастық үшін құқықтық негіз қалыптастыруды және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бойынша бірлесіп әрекет етуді көздейді.

Осы заңға сәйкес енді тараптар анықталған көші-қон заңнамасының бұзушылықтары, заңсыз көші-қон жолдары, екі елдің аумағында заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға қатысы бар заңды және жеке тұлғалар туралы ақпарат пен мәліметтерді алмаса алады.

«Осы құжат арқылы Әзербайжанда жүрген азаматтарымыздың мүдделерін тиісті деңгейде қорғауға қосымша мүмкіндіктер туындайды. Алдағы уақытта бұл заң көші-қон саласын реттеп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Сергей Ершов азаматтық қорғаныс органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді және ондағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесін көтерді. Ал Әбдәлі Нұралиев еліміздегі экология проблемаларына назар аударып, оларды шешу жолдарын ұсынды.

Ақпарат көзі: Сенаттың баспасөз қызметі