427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қ.Тоқаев қатысушыларды ECOJER конгресінің ашылуымен құттықтады

  • 103
  • UPD: 17:35, 03.06.2021
Қ.Тоқаев қатысушыларды ECOJER конгресінің ашылуымен құттықтады фото: facebook.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ECOJER конгресінің қатысушыларына үндеу жасады.

Бұл туралы Президенттік баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады.

«Бүгін онлайн форматында өтіп жатқан «Орнықты болашақты қалыптастыр» атты Халықаралық ECOJER конгресінің қатысушыларына Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасады. Мемлекет басшысының үндеуін Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан оқып берді», деп жазды Берік Уәли.

Сіздерді бірінші халықаралық экологиялық ECOJER конгресінің ашылуымен құттықтаймын!

Қоршаған ортаны жақсарту мәселесі – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Қазақстан Үкіметі экологиялық заңнаманы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің стандарттарына сай үйлестіруге және әлемдегі озық тәжірибелерді пайдалануға бағытталған дәйекті реформалар жүргізуде.

Пандемия экономикалық өсімнің қарқынына, әлеуметтік ахуалға және азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін экологияның айрықша маңызды екенін еске салды. Сарапшылардың бағалауынша, ауа сапасының нашарлығы экономиканың өсімін тежеп, Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің жыл сайынғы деңгейін 1,5-2 пайызға төмендетеді.

Орнықты даму тұжырымдамасы «экология-экономика-қоғам» үштігінің үйлесімді ықпалдастығын көздейді. Біз экологиялық проблемаларды шешу мәселесін кейінге шегере алмаймыз.

Жаһандық энергетикаға көшу, инновацияларды дамыту, цифрландыру бағыттары әлемдік нарықтардың конъюнктурасын өзгертіп, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін қолдануды қажет етеді.

Қазақстан – табиғи ресурстарға өте бай. Бұл – біздің теңдессіз қорымыз. Осы ретте біздің алдымызда шикізатты өндіру ғана емес, циркулярлы экономиканың қағидаттары мен заманауи технологиялардың енгізілуін ескере отырып, оны сапалы түрде қайта өңдеу ісін дамыту міндеті тұр.

Қазақстан климаттың өзгеруіне қатысты мәселеде өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты қолдайды. Былтыр желтоқсан айында өткен «Климаттық амбициялар саммитінде» Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегінен ада ел болуға қол жеткізуге ниетті екені туралы айттым. Үкімет парниктік газдардың қалдықтарын азайтуды және көміртегінен ада экономика қалыптастыруды көздейтін ұзақ мерзімді стратегияны әзірлеуге кірісіп кетті.

Орнықты дамуға қол жеткізу, экология проблемаларын шешу, экологиялық мәдениетті арттыру үшін қоғам, бизнес және үкіметтің күш-жігерін жұмылдыратын жаңа диалог алаңын құруды қолдаймын.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Конгресс отырыстарын өткізу ізгі дәстүрге айналады деп сенемін.

Барша қатысушылардың қоршаған ортаны қорғау жолындағы игі жұмыстарының табысты болуына тілектеспін!

Қасым-Жомарт Тоқаев

Хабар 24 телеарнасы