Трансшекаралық су ресурстары мәселесін шешуге сенаторлар да мүдделі – Мәулен Әшімбаев

Жоғарғы палата төрағасы Мәулен Әшімбаев Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында көрші елдің Олий мәжілісі Заң шығару Палатасының спикері Нурдинжон Исмоиловпен кездесіп, осы өзекті мәселені талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отырыс барысында Сенат төрағасы трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару, қолдану әрі сақтау жөнінде келісімге келудің маңызды екенін айтты. Қазіргі таңда екі ел үкіметтері арасында арнайы келісім талқыланып жатыр. Осы ретте министрлер кабинетіне парламент тарапынан қолдау көрсету аса маңызды дейді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Қазір екі елдің үкіметтері трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару жөніндегі келісімді қарап жатыр. Құжатты талқылау барысында туындаған өзекті мәселелер де біртіндеп шешімін табуда. Бұл ретте осы келісімді қабылдау біздің аймақтарымыздағы су ресурстарын пайдалану жөніндегі әріптестік аясын кеңейтпек. Сондықтан біз Парламент өкілдері барынша қолдау танытуымыз аса маңызды.

Кездесу барысында екі ел парламенттерінің бір-біріне деген қолдауы да сөз болды. Нақтырақ айтсақ, көрші Өзбекстанның депутаттары қазақстандық әріптестерінің халықаралық деңгейдегі бастамаларын құптайтындықтарын айтты. Өз кезегінде қазақ тарапы бауырлас елмен әріптестіктің дамуына ризашылығын білдіріп, ынтымақтастықты әрі қарай ілгерілетуге мүдделі екендігін жеткізді.

Расул Көшербаев, Өзбекстан Олий мәжілісі заң шығару палатасының депутаты:

– Бүгінгі кездесуде Қазақстан жағын халықаралық дүниеде қылып жатқан өзінің бір-екі жоспарын Өзбекстан тарапы қалай қолдайды немесе Өзбекстанның парламенті оған қалай қарайды? Қай позицияда екендігі қызықтырды. Сонымен қатар Өзбекстан президентінің БМТ-ның жақында болып өткен жиналысында көрсеткен әрі ортаға тастаған мәселелерін Қазақстан парламенті қалай қолдайды деген мәселелер бүгін айтылды. Екі мемлекет парламенттері бұл мәселелерге қолдауын білдірді.