Қазақстан сыбайлас жемқорлықтың барлық түрін жоюға мүдделі

Қазақстан сыбайлас жемқорлықтың барлық түрін жоюға мүдделі және осы бағытта тараптармен ынтымақтастыққа дайын.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов БҰҰ Бас Ассамблеясының 32-арнайы сессиясында осылай деп мәлімдеді. Жиын сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы күрес және халықаралық ынтымақтастықты күшейту саласындағы сын-қатерлер мен шараларға арналған.

Төрағаның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері осы бағытта елеулі жұмыс атқарды. Нәтижесінде Қазақстан екі жыл ішінде Дүниежүзілік банктің сыбайлас жемқорлықты бақылау индикаторы бойынша көрсеткішін екі еседен астам жақсартқан. Ал қазір осы саладағы бастамалар елдегі жалпы реформалардың ажырамас бөлігіне айналды.

Айта кетейік, БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясы алғаш рет өтті. Жиын Нью-Йорк қаласында онлайн форматта жүрді.

Марат Ахметжанов,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Биылдан бастап қылмыстық қудалау органдары түбегейлі жаңа жағдайларда жұмыс істейді. Атап айтқанда, Экономикалық ынтымақтастық жән даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді. Жиналған дәлелдер прокурор тарапынан тәуелсіз бағаланады, оның келісімінсіз ешқандай негізгі іс жүргізу шешімінің заңды күші болмайды.