Асқар Мамин Атырау облысындағы бекіре өсіру зауытына барды

Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Салтанатты шараға премьер-министр Асқар Мамин қатысты. Үкімет басшысы өңірдегі мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарды аралап, бекіре балығын өсіретін зауытқа барды. 

Атырау облысында жүзеге асатын жаңа жоба еліміздің газ өңдеу саласын дамытуға серпін беріп, елді одан әрі газдандыру үшін ресурстық базаны кеңейтеді. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 1 миллиард текше метр шикі күкіртті газды құрайды.

Абай Әмірханов, «GPC Investment» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы:

- Жаңа зауытта жылына 1 миллиард текше метр газ өңделеді. Сондай-ақ мұнай өндірісі тәулігіне 450 мың баррельге дейін жетеді деп отырмыз. Соның арқасында ішкі нарықтың әлеуетін арттырамыз. Зауыт салынғанда 600 тұрақты жұмыс орыны ашылады. Саладағы экологиялық мәселеге де көңіл бөлеміз. 

Үкімет басшысы жұмыс сапары барысында өңірдегі мұнай-газ химиясы және мұнай-газ машинасын жасау салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді. Асқар Мамин Айранкөл кен орнындағы цифрландыру жобасымен танысты.

Қайырбек Елеусінов, «Каспий Нефть» АҚ Бас директоры:

- Смарт кеніш онлайн бақылау үшін нысандары қандай параметр істеп тұр. Полевой геолог қадағалап, көріп тұрады. Проект енгізілді. 10 процентке мұнай көлемін көтердік. Шығындарды 30 процентке азайттық.   

Кейін Премьер-министр бекіре балығын өсіретін шаруашылыққа барды. Кәсіпорын өндіріс көлемін жылына 30 тонна балық еті мен 3 тонна уылдырыққа дейін жеткізу жоспарлап отыр.

Самат Ақсамбиев, Луговое жылқы зауытының өкілі:

- Луговое жылқы зауытының Атыраудағы бөлімі 2015 жылы ашылды. Біз бекіре балық өсіру және уылдырық шығарумен айналысамыз. Түрлі балық өнімдерін де шығарамыз. Әзірге осында 14 тонна балық әкелдік. Алдағы уақытта оның көлемін тағы арттырамыз. 

Іссапар барысында премьер-министр «Эqр Ликeид» трансұлттық компаниясы өкілдерімен кездесті. Алпауыт кәсіпорын Қазақстанда азот өндіру саласына 100 миллион еуро инвестиция құйып, 170 адамды жұмыспен қамтыды.

Автор: Дариға Ташенова