427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ЕО өкілі: Қазақстан азаматтарына виза рәсімдеу жеңілдетіледі

  • 140
  • UPD: 23:53, 08.06.2021
ЕО өкілі: Қазақстан азаматтарына виза рәсімдеу жеңілдетіледі

«Біз қазақстандықтардың Еуропалық одаққа визасыз келгенін қолдаймыз. Бұл халықтар арасындағы қарым-қатынасты кеңейтумен қатар сауда ынтымақтастығына да серпін береді».

Виза режимін жеңілдету туралы Еуроодақтың Орталық Азиядағы арнайы өкілі Петер Буриан осылай деп мәлімдеді. Ол кәрі құрлық елдері бірлестігінің былтыр қабылдаған жаңа визалық кодексінің Қазақстанға да қатысы барын атап өтті. Бұл құжат виза рәсімдеу процесін жеңілдетуді қарастырады. Арнайы өкілдің айтуынша, бүгінгі басты кедергі індет болып тұр, бірақ халықты вакциналау қарқыны мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен екпелерді тіркеу жағдайға оң әсер етуі керек.

Петер Буриан, Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы арнайы өкілі:

- Біз мүмкіндігінше туристердің Еуроодаққа келу процесін жеңілдетуді қалаймыз. Осыған байланысты жұмыс неғұрлым жақсы жүрсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әртүрлі вакциналарды мақұлдауға дайын болса, онда біз де барыс-келіске вакциналау анықтамасының негізінде көбірек еркіндік берер едік. Әр ел жеке шешім қабылдауға дайын болуы керек.

Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық мәселеріне тоқталған Петер Буриан былтыр наурызда күшіне енген Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясында бірлесе іске асырылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады. Бүгінгі таңда жасыл экономикаға көшу және шикізатқа тәуелділіктен арылып, экономиканы біртіндеп әртараптандыру ерекше назарда екенін айтты. Заң мен құқықтың үстемдігін нығайту және азаматтық қоғамды күшейту де аса маңызды. Осыған байланысты Арнайы өкіл демократияландыру бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен «Еститін мемлекет» тұжырымдамасына айрықша тоқталды.

Петер Буриан, Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы арнайы өкілі:

- Біз қандай да бір құндылықтарымызды тықпалағымыз келмейді. Еурокеңес басшысы Шарль Мишель айтқандай, біз ынтымақтастықты ортақ құндылықтарға негіздеп құрғымыз келеді. Біздің құқықтық жүйеміз жетілген сайын инвесторларымыз да өздерін сенімді сезіне бастайды. Сіздердің Премьер-министр басқарған жаңа алаңда бірге шешкіміз келетін маңызды мәселелер анықталған.

Хабар 24 телеарнасы