426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Британиялық депутаттар Қ.Тоқаевтың екі жылда атқарған реформаларына баға берді

  • 50
  • UPD: 13:19, 10.06.2021

Қазақ-Британ Парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі тобының жетекшілері онлайн кездесіп, қос елдің коронавирусты еңсеруі және Брекситтен кейінгі әріптестік тақырыбында ой бөлісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар, Британиялық лордтар және қауымдар палатасының депутаттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 жылда атқарған реформаларына баға берді.

Иан Маккензи Макникол – Ұлыбритания парламенті жоғары палатасының мүшесі, лейборшылар партиясының өкілі. 51 жастағы лорд Лондонның оңтүстік-шығысында тұрады. Пандемия басталғалы метроны қойып, парламентке велосипедпен қатынай бастаған. «Ұлыбритания астанасында велосипедшілерге барлық жағдай жасалған. Оған қоса қос доңғалақты көліктің қоршаған ортаға зияны жоқ»,– дейді саясаткер. Бүгін де ол қазақстандық әріптестерімен онлайн-кездесуге велосипедпен келіп, экологиялық проблемаларды қозғады.

Иан Маккензи Макникол, Лордтар палатасының мүшесі:

– Климаттық дағдарыс бағытында бірлесе жұмыс істеуге көп мүмкіндік бар. Біріккен Корольдік және Қазақстан Республикасының үкіметтері бірлесе отырып, жоғары нәтижелерге жете алады.

Қос елдің ковидпен күрестегі жетістіктері де талқыға түсті. Ұлттық статистика қызметінің мәліметінше, британиялықтардың 80 процентінің ағзасында антиденелер бар. Олар ауырып шыққан соң немесе вакциналау нәтижесінде түзілген. Британиялық парламентарийлер Қазақстанда шыққан екпенің болашағына зор үмітпен қарайды.

Боб Стюарт, Ұлыбритания парламенті қауымдар палатасының депутаты:

– Біздің естуімізше, Қазақстан өз вакцинасын шығарды. Бұл Орталық Азия мемлекеттері үшін үлгі боларлық өте жақсы жаңалық. Екпені әрі қарай жетілдіру үшін ғалымдар жұмылдыру, әлеуетті инвесторларды хабардар ету жағынан қолдау білдіруге әзірміз.

Вакиль Набиев, ҚР парламент мәжілісінің депутаты:

– Мемлекет пандемия кезінде шамамен 15 млрд АҚШ долларын, яғни жалпы Ішкі өнімнің 9 процентін халықты және бизнесті қолдау үшін бөлді. Біз коронавируспен күресте халықаралық қауымдастықпен, оның ішінде британиялық әріптестерімізбен де бірлесе жұмыс істеуге әзірміз.

Депутаттар Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің екі жылын саралай келе, оның саяси реформаларын да талқылады. Әсіресе, аймақ әкімдерін сайлау туралы бастамасына ерекше тоқталды.

Мартин Виккерс, Ұлыбритания қауымдар палатасының депутаты:

– Біріккен Корольдікте мэрлерді сайлау дәстүрі ежелден қалыптасқан. Сіздерде сайлау өткеннен кейін, аймақ басшылары өзара кездесіп, тәжірибе алмасуларына болады деп ойлаймын.

Ұлыбритания Брекситтен кейін Еуроодақ елдерімен байланысын үзген емес. Бірақ жаңа мемлекеттермен тікелей қарым-қатынас орнату бағытында да жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде 70 елмен сауда-саттық бойынша келісімге келді. Жиынға қатысушылар Қазақстан бұл тізімге 71-ші болып енеді деген сенім білдірді.

Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы