426,64 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан Түркияның БАҚ өкілдерін марапаттады

  • 152
  • UPD: 19:02, 11.06.2021

Биыл тұғырлы тәуелсіздігімізге 30 жыл. Мерейлі мерекені шетелдегі дипломатиялық миссия өкілдіктеріміз атап өтіп жатыр.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде атаулы күнге орай салтанатты рәсім өтті. Оған түріктің белді жұрналистері мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. Салтанатты шараны бастаған елші Абзал Сапарбекұлы Қазақстанның 30 жылда жеткен жетістіктері мен тарихын айтып, аймақтық және халықаралық деңгейдегі еліміздің бастамалары туралы сөз қозғады. Бұдан бөлек Қазақстан-Түркия дипломатиялық қатынастарының 30 жылдығымен құттықтап, пандемия кезеңінде де туыстас елдер арасында экономикалық ынтымақтастық жоғарғы деңгейде жалғасқанын атап өтті. Сонымен қатар мерекелік шарада түркиялық БАҚ өкілдері марапатталды. Қазақ-түрік қатынастарына елеулі үлес қосып жүрген бір топ журналист, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Алғыс хатына ие болды. Олардың ішінде «Хабар 24» арнасының Түркиядағы меншікті тілшісі Меруерт Қанағат та бар. Елордадан жеткен марапатты Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы табыстады.

Фарук Токат, «Анадолу агенттігі» Халықаралық ақпарат басқармасының бас редакторы:

- Агенттігіміз ретінде Қазақстандағы жаңалықтар мен оқиғаларды жүйелі түрде жариялаймыз. Себебі геосаяси, геостратегиялық және аймақтық тұрғыдан маңызды. Түркі Әлеміне бағыт беретін ел. Атажұртымыз. Түркістанымыз да сонда. Биылғы ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Марапатты алу біз үшін үлкен мәртебе.

Ерден Қараоглу, «ТРТ Аваз» арнасының бас редакторы:

- Түрік Радио-Теледидар Мекемесінің Нұр-Сұлтанда өкілдігі бар. Түркістанды таныту үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Нұр-Сұлтандағы саяси және экономикалық жаңалықтарды беруді тоқтатпаймыз. Алматы маңызды. Арнамыз және әлеуметтік парақшаларымыз ретінде ақпараттық қолдауды жалғастырамыз. Еңбегімізді елеп, алғыс хат жіберген министрлерге рақметімізді айтамыз.

Хабар 24 телеарнасы