Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сенімді ақтады ма?

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне биыл екі жыл. Кеңестің бастамасымен күні бүгінге дейін 17 заң қабылданып, Президенттің 3 Жарлығы мен министрліктердің 28 түрлі бұйрығы шығарылған.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген бар. Қазірге дейін кеңестің 50-ге жуық мүшесі мәселенің мәнісін жете түсініп, қабылданған шешімдердің шашау шығармай орындалуын қадағалап келеді. Осылайша Ұлттық кеңес екі жылда ұлтты ұйыстыратын һәм ұтымды ұсыныс айтылатын алаңға айналды.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі:

- Саяси реформалар бағытының өзінде ғана 10 заң қабылданды. Мысалы, ең соңғы заңдардың бірі ол сайлау туралы заң. Бұл үлкен өзгерістер. Екі ақ жылдың ішінде мемлекет пен қоғам арасында қарым-қатынастың жаңа формасы қалыптасқанын көрсетеді.