Қытайдың Коммунистік партиясына 100 жыл толды

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл. Ал іргеміздегі Қытай мемлекетінің басқарушы партиясының құрылғанына 100 жыл. Саяси сарапшылар шығыстағы көрші елдің экономикалық дамуының сыры – басқарушы партия мүшелерінің бір мүддеге бірігуінде дейді. Қазақстан, Қытай, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінің сарапшылары «Қытайдың тарихи ғажайыбы» атты халықаралық дөңгелек үстелге онлайн қатысып, көрші елдегі көшбасшы партияның жетістіктеріне тоқталды.

Қытай Халық Республикасы әлемдік экономиканың драйвері ретінде, халықаралық даму мен ынтымақтастықта негізгі басымдыққа ие. Мұндай жетістік мемлекеттегі басқарушы партиямен тығыз байланысты, дейді сарапшылар.

Болат Нұрғалиев, ҚР СІМ жанындағы «Сыртқы саяси зерттеулер институты» АҚ Басқарма басшысы:

- Коммунистік партияның басшылығымен Қытай артта қалған, аграрлық мемлекеттен жоғары технологиялық инновацияларды дамыту мен өндірудің әлемдік орталығына айналды. Басқарушы партиядағы көзқарастар мен келісімдердің бір мүддеге тоғысуы Қытайға тарихи қысқа мерзімде әлемдік экономикалық дамудың авангардына енуге мүмкіндік берді.

Сарапшылардың айтуынша, Қытайдың экономикалық жетістіктері онымен көрші мемлекеттердің өсуіне де мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан мен Қытай Шанхай ұйымы аясында жемісті ынтымақтастықта, Жібек жолы дәстүрлерін қайта жаңғыртып, өркендеуге, тұрақтылыққа және Еуразияда жаңа геоэкономиканың қалыптасуына үлес қосуда.

Чжан Сяо, ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Қытайдың коммунистік партиясы мен «Нұр Отан» партиясы - стратегиялық серіктестер. Партияаралық байланыстар мемлекетаралық қатынастардың жедел дамуына ықпал етті. Екі тарап партияның өзін өзі тазарту және кадрларды даярлау бойынша тәжірибе алмасады. Қытайдың басқарушы партиясы «Нұр Отан» партиясымен кедейлікті жою тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Жұмыссыздықты жеңу мақсатында Қытай билігі шалғай аймақтарға маман жіберіп, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, орман шаруашылығы туралы заманауи білімді үйретіп, жергілікті халықпен қатар жұмыс істеген. Бұл тәжірибе қазір де маңызын жойған жоқ, дейді сарапшылар. 

Автор: Гүлжан Көленқызы

Сондай-ақ...