Арман Қожахметов Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы болды

Бүгін жалпы отырыста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Заңға сәйкес Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасына депутат Арман Қожахметовтің кандидатурасын ұсынды.

Нұрлан Нығматулин ұсынып отырған кандидаттың білікті заңгер осы салада көптеген қызметтерді абыроймен атқарып келе жатқанын алға тарта келіп:

– Арман Төлешұлы үш шақырылымда Мәжіліс депутаты, соның ішінде, осы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болып жұмыс істеді. Осы комитеттің жұмысын жақсы біледі, тәжірибесі де, білімі де жеткілікті, – деді.

Депутаттар Палата төрағасының ұсынысын қолдап, Арман Қожахметовті Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы етіп сайлады.

Айта кету керек, жалпы отырыс барысында осы уақытқа дейін Мәжілістің комитетін басқарып келген Мәжіліс депутаты Қанат Мусиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылданды.

Ақпарат көзі: Мәжілістің баспасөз қызметі