Бюджет-2020: Парламент Үкімет пен Есеп комитетінің есебін тыңдады

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есебі бекітілді.

Отырыста Бюджет мәселелерімен қатар Парламент Конституциялық Кеңестің Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауын тыңдады.

Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәмидің айтуынша, Елбасының мемлекеттік стратегиясы Қ.К. Тоқаевтың серпінді іс-қимылдарымен жалғасып жатқаны анық. 

Жолдауда Мемлекет басшысы жақында бекіткен, елдің орнықты өсуі жолына бағыт алуын қамтамасыз етуге арналған 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының, Республиканың жалпыұлттық басымдықтарының және Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы атап өтілді.

Конституциялық Кеңес елде құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту жөнінде нақты ұсыныстар енгізді.

Аталған Кеңес азаматтардың конституциялық бақылауға қол жеткізуін кеңейту қажет деп пайымдайды. Бұл бағытта соттардың Конституциялық Кеңеске өтініш жасау тәртібін, соттардың сот ісін жүргізуге қатысушылардың заңның конституциялылығын тексеруге бастамашылық жасау туралы өтініштерін қарау тәртібін жетілдіру өзекті болып табылады.

Ұсыныстардың жеке блогы адам құқықтарын қорғауға қатысты.

Парламенттің назары Қылмыстық кодексті және өзге де заңнамалық актілерді Қазақстан жақында ратификациялаған, Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік хаттаманың ережелерімен үйлестіру қажеттігіне аударылды.

Парламент Конституциялық Кеңестің баяндамасын тыңдап, назарға алды. Бірлескен отырыста Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин Үкіметтің 2020 жылғы жұмысы және экономиканы одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ 1,6%-ке өсті. Бұл ретте экономиканың барлық салаларында өсім қамтамасыз етілді. Негізгі драйверлер өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп болды. Құрылыс секторында және тұрғын үйді пайдалануға беруде жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді. Екінші ай қатарынан көрсетілетін қызметтер секторында – сауда, байланыс , жылжымайтын мүлік операциялары, қаржы және сақтандыру қызметі күшейе түскен оң динамика байқалады.

Премьер-министр Үкіметтің алдына 2021 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсімді 3,5-4,0% деңгейінде қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыспен қамту шараларымен 1,2 млн адамды қамту міндеті қойылғанын атап өтті. Бұл халықтың нақты табысын 5%-ке арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы сомасы 8 трлн теңге болатын 415 инвестициялық жобаны іске асыру мақсаты қойылды. 17 млн м2 тұрғын үйді пайдалануға беру, 200 мектеп салу және 30 медициналық мекеме ашу, 6 мың шақырым автожолды жөндеу және салу жоспарлануда.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет есебі Парламенттің Мәжілісі мен Сенатында егжей-тегжейлі қаралғанын, есепті талқылау кезінде экономиканың барлық салалары бойынша 500-ден астам сұрақтар мен ұсыныстар берілгенін атап өтті.

Министрдің айтуынша, бюджет түсімдері 12 трлн 49 млрд теңгені немесе жоспарға 100,3 пайызды құрады. Яғни жоспар орындалды. Шығыстар 98,3 пайызға игерілді және 14 трлн 234 млрд теңгені құраған.

Бірлескен отырыста Мәжіліс пен Сенат депутаттары Аманжан Жамалов пен Ольга Перепечина бюджеттік есептер бойынша сөз сөйледі.

Сонымен қатар отырыс барысында Тақырыпты дамытуда сенаторлар О.Булавкина, Д.Нұржігітова, Д. Нұртөре, С.Карплюк, А.Нұрәлиев және Мәжіліс депутаттары Д.Нұрманбетова, М.Күлшар, А.Рау, С.Симонов, Е. Жаңбыршин сөз сөйлесе, сенаторлар Д.Әділбеков, Ә.Бектаев, А.Әлназарова, мәжілісмендерден М.Құсайынов, А.Перуашев, А.Қоңыров та өз пікірлерін ортаға салды.

Бірлескен отырыс соңында Парламент Есеп комитеті мен Үкіметтің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітті. Атап айтқанда, кірістер – 11 928 461 794 мың теңге, шығындар – 13 699 876 391 мың теңге.

Айта кету керек, Палаталардың бірлескен отырысына ҚР премьер-министрі, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағалары, Үкімет мүшелері, Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, және Президент Әкімшілігінің, премьер-министр кеңсесінің, Парламент Палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері қатысты.