Қазақстанның сыртқы істер министрі Әзербайжанға ресми сапармен барды

Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Баку қаласына ресми сапармен барып келді.

Оның Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевпен және премьер-министр Али Асадовпен кездесулері, сондай-ақ сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен келіссөздері өтті.

М.Тілеуберді Әзербайжан көшбасшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жылы лебіздері мен тілектерін жеткізді. Ол халықаралық құқық пен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары негізінде елдің аумақтық тұтастығын қалпына келтіруімен құттықтап, жоғары деңгейдегі уағдаластықтардың іске асырылуын талқылады.

Өз кезегінде Президент И.Әлиев Қазақстан мен Әзербайжанды бұрыннан келе жатқан сенімді қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

«Бұл достықтың негізін Нұрсұлтан Назарбаев пен Гейдар Әлиев қалады, ал бүгінде бұл бағытты екі елдің президенттері жалғастыруда», - деді АР Президенті. Ол Президент Қ.Тоқаевтың Әзербайжанға жоспарланған сапары ҚР мен АР ынтымақтастығына қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту және транзит-көліктік әлеуетін дамыту жөніндегі күш-жігерді үйлестіру қажеттігіне келісті.

АР премьер-министрі Али Асадовпен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың, атап айтқанда инвестициялық, сауда-экономикалық, транзит-көліктік және энергетика салаларындағы кең ауқымды мәселелері қаралды. Қазақстан СІМ басшысы Әзербайжан бизнесінің өкілдеріне ҚР аумағында көтерме-тарату орталықтары желісін құруға қатысуды ұсынды.

АР Үкіметінің басшысы сауда қатынастарын, әсіресе, Қазақстанның батыс өңірлеріне Әзербайжан өнімдерін жеткізудегі әлеуетті атап өтті. Қазақстандық компанияларды Таулы Қарабақты қалпына келтіруге белсенді қатысуға шақырды, бұл бүгінгі таңда Әзербайжан қоғамы үшін басымдық болып табылады.

Әзербайжанның сыртқы істер министрі Д.Байрамовпен келіссөздерде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің, оның ішінде Каспий проблематикасы мен БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, АӨСШК, Түркі кеңесі және басқа да көпжақты ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелері бойынша «сағаттарды теңестерді».

М.Тілеуберді Әзербайжан, Армения және Ресей арасындағы 2020 жылғы 10 қарашадағы және 2021 жылғы 11 қаңтардағы қол жеткізілген үшжақты уағдаластықтарды құптады. Қарабақ төңірегіндегі жағдайдың тұрақтануы Оңтүстік Кавказдың Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен неғұрлым ауқымды трансөңірлік интеграциясы, өңірдегі көлік байланыстарының қайта ашылуын ескере отырып, екі елдің Каспий порты инфрақұрылымының өсіп келе жатқан әлеуетін ашып көрсету үшін жаңа жағдайлар туғызатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Д.Байрамов Оңтүстік Кавказ өңіріндегі ағымдағы жағдай, Әзербайжанның қабылданған үшжақты уағдаластықтарды іске асыру бойынша қолға алынған қадамдары туралы хабардар етті.

Тараптар Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті 17-отырысын өткізу, Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберіндегі жобаларды іске асыру бойынша жоспарларды белгіледі, қазақстандық компаниялардың Қарабақтың босатылған аумақтарының азаматтық инфрақұрылымын қалпына келтіруге қатысу перспективаларын қарады.

Қазақстан СІМ басшысы қазақстандық жүк электровоздары мен астықты Әзербайжан нарығына жеткізуді, Каспий теңізінің түбі бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) өткізу жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыруды қанағаттанушылықпен атап өтті. Бұл біздің елдеріміздің телекоммуникация саласындағы транзиттік әлеуетін кеңейтеді.

2022 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай тараптар осы мерейтой күнін мерекелеуге мұқият дайындалу қажеттігі туралы келісті.

Сапар аясында қазақстандық делегация Әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің бейітіне және Шехидтер аллеясындағы Мәңгілік алау монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.