Нұрлан Нығматулин Мәжіліс сессиясын қорытындылады

Бүгін жетінші шақырылған Мәжілістің алғашқы сессиясы қорытындыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді депутаттар демалысқа шығады. Есепті кезеңде төменгі палата өкілдері Үкіметке 230 сауал жолдап, өзекті мәселелерді көтеріп, шешімін табуға атсалысқан. Жалпы саны 49 заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді. Ал 10 құжат мәжілісмендердің бастамасымен әзірленді.

Айта кетейік, депутаттар демалыс кезінде аймақтарды аралап, халықпен кездесу өткізуі керек.

Нұрлан Нығматулин, ҚР ПарламентІ Мәжілісінің төрағасы:

- Бұл Мәжіліс пен депутаттық корпус үшін маңызды кезеңдердің бірі. Осы сессия өз жұмысын қасиетті Тәуелсіздігімізге 30 жыл толған тарихи кезеңде бастады. Ерекше айту керек, осы шақырылымда Мәжіліс құрамы жаңарып, елге танымал білікті тұлғалармен толықты. Осы сессиядағы жаңа және нақты қадамдар Мәжілістің заң шығару жұмысын одан әрі күшейтуге жол ашты. Соның нәтижесінде Мәжіліс саяси, әлеуметтік, экономикалық маңызы зор көптеген заңдарды қабылдады. Көптеген парламенттік іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл жолда біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алға қойған міндеттерін басшылыққа алдық. Оның барлығы, халқымыздың өмір сапасын арттыруға, еліміздің тұрақты дамуын заң деңгейінде қамтамасыз етуге ықпал етті.