Мәулен Әшімбаев Валентина Матвиенкомен кездесті

Мәулен Әшімбаев елге ресми сапармен келген Ресейдің Федерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенкомен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі елдің спикерлері пандемияға қатысты шаралар мен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалар бойынша пкірір алмасты. Осы тұрғыда Қазақстан мен Ресейдің көпжоспарлы қарым-қатынасын заңнамалық тұрғыдан қолдаудың маңызды екені айтылды. Мәулен Әшімбаев экология, цифрлық даму, ғылым және басқа бағыттар бойынша бірлескен шараларды талқылау және іске асыру үшін Палаталар арасындағы өзара іс-қимылды арттыру қажеттігін жеткізді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Өткен жылдар ішінде елдеріміз арасында стратегиялық серіктестіктің берік іргетасы қаланды. Бұған ең алдымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Владимирович Путиннің жеке достық және өзара сенімге негізделген қатынасы зор ықпалын тигізуде. Мемлекетаралық байланысты нығайтуға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та баса мән беріп келеді.

Валентина Матвиенко, Ресей Федерация кеңесінің басшысы:

- Елдеріміздің парламентаралық ынтымақтастығын нығайтуға баса мән беріп келеміз. Оған халықаралық парламенттік алаңдарда, оның ішінде Парламентаралық ассамблеялардағы өзара тиімді іс-қимылымыз дәлел. Осы ретте Қазақстан делегациясының Парламентаралық ассамблеялар құрамындағы тиімді жұмысын ерекше атап өткен жөн. Қазақстандық сарапшылар модельдік заң жобаларын әзірлеуге, мониторинг миссиясына және ТМД Парламентаралық ассамблеясы комиссиясының жұмысына белсенді қатысып келеді.