Валентина Матвиенко Қазақстан аумағының тұтастығына қатысты пікір білдірді

Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Қазақстанның тұтастығына қатысты пікір білдірді. Валентина Матвиенко Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесті. Екі ел арасында 400-ден астам келісім құжаты бекіген. Осының өзі көп «жайттан хабар берсе керек» деді Ресей өкілі. 

Валентина Матвиенко Ресей Федералды жиналысы Федерация кеңесінің төрайымы:

- Елдеріміздің арасында 400-ден аса келісім құжаты бар. Бұл мемлекетаралық ынтымақтастықтың берік заңды және құқықтық базасы. Осынау байланысқа Қазақстанның да, Ресейдің де Парламенттері үлес қосты. Мемлекетаралық құжаттардың негізгі бағыты егемендіктің, тәуелсіздіктің, аумақтық тұтастықтықтың мойындалуын қамтып жатыр. Және біздер бір-біріміздің ішкі ісімізге араласпаймыз. Бұл ешқашан өзгермейтін басты негіз.

Сондай-ақ Валентина Матвиенко Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулинмен де кездесті. Тараптар арадағы ынтымақтастықты талқылады. Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин елдегі заң шығару қызметін, саяси, әлеуметтік, экономикалық реформаларды және оларды заңдық деңгейде қаматамасыз ету барысын баяндады. Өз кезегінде Ресей Федерациясы Кеңесінің төрайымы пандемиядан кейінгі алғашқы сапарын қазақ елінен бастағанын атап өтті.