Қырғызстан Қазақстаннан гуманитарлық көмек ретінде келген ұнды сатып жібереді

Күн райы азық-түлікті сақтауға қиындық туғызып тұр. Қырғызстан үкіметі гуманитарлық көмек ретінде Қазақстаннан келген ұнды сатуды ұйғарған.

Төтенше жағдайлар министрлігі бұл шешімін аптап ыстықпен түсіндірді. Өйткені көп тұра берсе ұн бұзылып кетуі мүмкін. Бұл гуманитарлық көмек, яғни жоғары мен бірінші сұрыптағы 10 мың тонна ұн мамыр айында жеткізіліген. Енді қырғыз үкіметі мемлекеттік резервте тұрған ұнды сатып, сол ақшаға бидай сатып алмақ. Бұл қорды ұзақ сақтауға мүмкіндік береді. 

Назик Атамбекова, Қырғызстан ТЖМ Баспасөз қызметінің басшысы: 

- Қазақстан халқы, Президенті және үкіметіне бізге көрсетіп жүрген көмегіне айтар алғысымыз шексіз. 2021 жылдың маусым айынан бастап ел аумағында 32-35 градус аптап орнаған. Шілде айында одан да ыстық болады деген болжам бар. Бұл ұннның сақталуына кері әсерін тигізеді.  Осыған байланысты 24 маусымда өткен министрлер кабинетінің мәжілісінде Төтенше жағдайлар министрі Бообек Ажикеев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан бөлген 10 мың тонна ұнды сатып, сол қаражатқа бидай сатып алуды ұсынды.  

Еске сала кетсек, Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетуді Президент Қасым-Жомарт Токаев тапсырған болатын. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, оны қалай, қайда жұмсауды қабылдаушы тарап өзі шешеді.