Н.Нығматулин: Парламент қабылдаған заңдар қазақстандықтардың өмірін жақсартуға бағытталған

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин VII шақырылымның I сессия жұмысын қорытындылай отырып, депутаттық корпус Елбасымыздың Стратегиялық бастамаларын, Мемлекет басшысының саяси реформаларын заң жағынан қамтамасыз еткенін атап өтті.

Нұрлан Нығматулин қос Палата қарауында қоғам өмірінің өзекті мәселелеріне қатысты 100-ден аса заң жобалары болғанын айтты. Бүгінде олардың 63-і қабылданып, 58-не Президент қол қойды.

Сонымен қатар сессия барысында депутаттар бастамасымен 24 заң жобалары әзірленіп, олардың 15-і қабылданды.

Осы уақыт аралығында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдарға 200-ден, Сенат депутаттары 40-тан аса депутаттық сауалдар жолдады. Нұрлан Нығматулин өз сөзінде:

«Осы сессияда уақыт талабына сай жасалған жедел және нақты қадамдардың арқасында біз Елбасымыздың және Президентіміздің алға қойған міндеттерін сапалы заңдармен қамтамасыз еттік. Ол заңдар ең алдымен, әрбір азаматты әлеуметтік жағынан қорғауға, азаматтардың өзекті проблемаларын шешуге, өмір сапасын арттыруға ықпал етті. Сонымен бірге, тиімді заңдардың арқасында елімізде саяси, экономикалық реформаларды одан әрі жалғастыруға заң жағынан нақты қадам жасалды. Сондықтан жетінші шақырылған Парламенттің алғашқы сессиясында қол жеткен табыстар және нәтижелер Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қосылған зор үлес деп білеміз», - деді.

Айта кету керек, сессия аяқталғанымен депутаттар өңірлерге, шалғайдағы ауылдық жерлерге барып сайлаушылармен кездеседі.

Ақпарат көзі: Мәжілістің баспасөз қызметі