Қазақстан мен Грузия бірлесіп тау шипажайларын дамытады

Қазақстан мен Грузия тағы да бір бағытта ынтымақтастығын дамытпақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – қос елдегі тау-шаңғы шипажайларының танымалдығын арттыру. Грузиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен осыған мүдделі тараптардың алғашқы кездесуі өтті.

Шаңғы, сноуборд мен жаңа технологиялар. Бұл Қазақстан мен Грузия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыты. Қос елдегі тау-шаңғы шипажайларының өкілдері Тбилисиде серіктестік меморандумына қол қойды.

Ринат Әбдірахманов, тау-шаңғы шипажайының бас директоры:

- Меморандумның басты мақсаты Қазақстан мен Грузия арасындағы туризмді дамыту. Осылай елдеріміздегі тау шипажайларының танымалдығын арттырамыз. Қазақстандықтар Грузияға, ал грузиндер Қазақстанға саяхаттай алады. Бұл кеңес алып, тәжірибе алмасудың жақсы мүмкіндігі.

Екі ел әріптестерінің кездесуін ұйымдастыруға дипломаттар атсалысты. Қазақстан делегациясы сапарының негізгі мақсаты – Грузия тауларымен танысу. Олар мемлекет пен бизнес өзара қалай әрекеттесетінін және тау саласы қалай дамып жатқанын білді. Бір апта ішінде қазақстандықтар 4 шипажайға барып қайтты.

Ираклий Тчиракадзе, Тау-шаңғы туризмін дамыту компаниясының директоры:

- Әлемдегі барлық шипажай маусымға қарамастан, жыл бойы жұмыс істегісі келеді. Қыста ғана тау шаңғышыларына қызмет көрсетіп ғана қоймай, жазда да жаңа аттракциондар ұсынады. Бізде осыған тырысып келеміз. Сондықтан Бакуриани мен Гудауриді көрсеттік. Гудаури – қазір фрирайдерлік, экстремалды шипажай. Ал Бакурианиде 2023 жылы фристайл және сноубордтан әлем біріншілігін өткіземіз. Сондай-ақ жаңа жобаларымызды көрсеттік.

Меморандумға қол қою барысында тараптар келесі кездесуін Алматыда өткізуге келісті. Шипажайларды зерттегеннен кейін тау-шаңғы саласын дамыту мен туристтерді тарту бойынша нақты жоспар әзірлейді.

Авторы: Юлия Тужилкина

Сондай-ақ...