Бүгін Дипломатиялық қызмет күні

Бүгін елімізде Дипломатиялық қызмет күні, деп хабарлайды «Хабар 24».

1992 жылдың осы күнінде Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының алғашқы тұжырымдамасы қабылданды. Дипломатия бейбіт өмір қалыптастыруда әрқашан негізгі рөл атқарады. Қазақстан бүгінде 186 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатқан. Шет елдерде Қазақстан Республикасының жүзге жуық дипломатиялық миссиялары – елшіліктері, халықаралық ұйымдардың жанындағы тұрақты өкілдіктері, бас консулдықтар жұмыс істейді. Ал, елімізде 70 шет мемлекеттің елшілері тіркелген және 38 халықаралық ұйымдардың офистері жұмыс істейді. Осыған дейін Қазақстанның қатысуымен 4 мыңнан астам халықаралық шартқа қол қойылған.

Болат Нұрғалиев, «Сыртқы саяси зерттеулер институтының» басқарма төрағасы:

- Сыртқы істер министрлігі жанынан құрылған сыртқы саяси зерттеулер институтының жұмыс істей бастағанына көп бола қойған жоқ. Десе де, шетелдік әріптестерімізбен халықаралық қатынас орната бастадық. АҚШ-тың сараптамалық зерттеу орталығымен тығыз байланыстамыз. Биыл ынтымақтастық орнатқанымызға 30 жыл толады. Болашақта бірлескен жобаларды қолға алмақпыз.