Ауғанстан тағдырындағы Қазақстанның рөлі аса зор – Мирвайс Наб

Тәліптер Тәжікстан және Өзбекстан арқылы наркотрафик құруды жоспарлап отыр.

Бұл жөнінде Ташкентте өткен «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» атты жиын барысында Ауғанстан сыртқы істер министрінің орынбасары Мирвайс Наб мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір Ауғанстанның солтүстігінде жағдай тұрақсыз. Ұрыстар жалғасып жатыр. «Ал бұл дағдарысты шешуде Қазақстанның рөлі аса зор», - дейді Ауғанстан өкілі. Орталық Азиядағы бейбітшілікті сақтап қалуда біздің ел жемісті жұмыс атқарып келеді. Соғыстан көз ашпай келе жатқан Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп, осы елде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып отыр. Қазақстан тарапы Ауғанстандағы кез келген жағдайдың өзгеруіне дайын екендігін айтады. Айта кету керек, маусым айында Қазақстан мен Ауғанстан әскери әріптестік жөнінде келісімшартқа қол қойған.

Ерлан Әлімбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Жалпы біз АҚШ және олардың одақтастарының әскерінің Ауғанстаннан осы қыркүйекте жоспарланып отырған шығуынан кейінгі жағдайдың қандай болатынын алаңдаушылықпен қарастырып отырмыз. Барлық қолдан келген сыртқы саяси және осы келіссөздер қандай платформалар болсын, алаңдар болсын барлығын қолданып, тек қана бейбіт жолмен шешуді, диалог арқылы осы көкейкесті мәселенің шешілуін жөн деп есептейміз.

Мирвайс Наб, Ауғанстан Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Ауғанстанды қайта қалпына келтіруде 20 жыл бойы үлкен көмек көрсетіп келе жатқан Қазақстанға алғыс айтамыз. Қазір біздің елдерімізді байланыстыратын көптеген жобаларымыз бар. Бұл әріптестіктің аясы одан әрі кеңейе түседі деген сенімдемін. Қазақстан Ауғанстанға бидай экспорттайтын негізгі мемлекет. Қазір Түркменстан арқылы транзиттік келісімге келуді аяқтап жатырмыз. Бұл дәліз арқылы Пәкістанға шығуға болады.