М.Әшімбаев дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті

Былтыр елде азаматтарды қорғауға және экономиканы қолдауға арналған ауқымды шараларға жиыны 14 миллиард доллардан астам қаражат бөлінді.

Бұл Жалпы ішкі өнімнің 9 проценті. Дағдарысқа қарсы заңдар жедел қабылданып отырды. Мұны елімізде жұмыс істейтін дипломатиялық корпус және халықаралық ұйымдар өкілдерімен кездесуде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты. Жоғарғы Палатаның биылғы сессиядағы заң шығару қызметі екі негізгі міндетке бағытталған. Оның бірі коронавируспен күрес жұмыстары және індеттің әлеуметтік-экономикалық салдарын еңсеру болса, екіншісі Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған кешенді реформаларды іске асыруды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету. 2020 жылдан бері ел Парламенті 175 заң қабылдады. Оның 91-і Президенттің елімізді жаңғырту бағдарын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталды. Барлық заңның төрттен бірі депутаттар бастамасымен әзірленген.

Мәулен Әшімбаев  ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мемлекет басшысы «Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі әрі қарайғы шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлыққа сәйкес, біз алдағы уақытта аса маңызды заңдар қабылдаймыз. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі  адамдардың құқықтарын қорғауға, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің кез келген түрін болдырмауға, қылмыстық сот төрелігі, азаптаулар мен зомбылықтың алдын алу бойынша азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беріледі. Сондай-ақ сот-құқық қорғау жүйесін жаңғырту және сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері де назардан тыс қалмайды.