Испания Қазақстанмен серіктестікті нығайтуға ниетті

Испания Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті нығайтып, ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Корольдікке ресми сапары барысында осы мәселелер талқыланып, бірқатар құжатқа қол қойылды.

Сыртқы саясат басшысы Испания Королі Фелипе Төртіншімен жүздесіп, испан әріптесі Аранча Гонсалес Лайямен келіссөз жүргізді. Басқосуда серіктестікті кеңейту мен туризмді дамыту үшін вакциналау жөніндегі ұлттық сертификатты өзара тану ұсынылды. Екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу мәселесі де талқыланды. Испан бизнес қауымдастығына еліміздің инвестициялық әлеуеті паш етіліп, жергілікті компаниялар өз жобаларын жүзеге асыруға ниет білдірді. Айта кетейік, Испания Қазақстанның басты сауда серіктесі. Санитарлық шектеулерге қарамастан биыл екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 850 миллион долларды құрады.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:

- Келіссөздер нәтижесінде біз бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Оның ішнде ғылыми-техникалық ынтымақтастық, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау салаларында серіктестік нығаяды.  

Франциско Санчес, Airbus Defense&Space атқарушы вице-президенті:

- Қазақстан біз үшін өте маңызды ел. Қос мемлекет арасында 2013 жылдан бері стратегиялық әріптестік орнаған. Қазір біз жүк ұшақтарын жеткізу мәселелерін қарастырып жатырмыз. Аймақта оларға сұраныс жоғары болуы тиіс.