Атырау облысындағы ауылдардың тұрғындары әкім сайлауынан нені күтеді?

25 шілдеде өтетін ауылдық округ сайлауында мұнайлы өңірден 18 ауылдың әкімі сайланады. Бүгінде учаскелік сайлау комиссиялары құрылып, дайындық басталып кетті. Осы сайлауда Атырау қаласына қарасты Қайыршақты және Дамбы ауылдарының тұрғындары өз таңдауларын жасайды. Ендеше ауылдықтарды не толғандырады, алдағы сайланатын әкімнен тұрғындар нені күтеді?

Қайыршақты ауылдық округіне қарасты 5 ауылда 15 мыңға тарта адам тұрады. Қала іргесіне қоныстанғанымен ауылдықтар өз алдына дербес өмір сүріп жатыр. Жағдайлары жаман емес. Осыдан 5 жыл бұрын басталған көшелерді асфальттау жұмысы толық аяқталған. Орта мектептер, балабақша жұмыс істеп тұр. Облыс орталғына 5 маршрут үздіксіз қатынайды. Бұл бұған дейін қол жектен игіліктер. Ал атқарылуы тиіс шаруаларды ауыл тұрғындары жаңа әкімнің қаперіне салғысы келеді.

Орынбасар Райысов, Томарлы ауылының тұрғыны:

-  Жайықтың жағасында отырғасын егін саламыз. Ауланы көгарлдандырамыз. Соған байланысты айтарым бізде жазғы су жоқ. Біз оны мына ауыз судың құбырымен суарып отырмыз. Осыны ескеріп, қолға алса деймін. Кейбір көшелерде электр жарықтарының желілері ескірген. Оны енді ауыстыру керек. Трансфарматорлар ескірген, арасында жарық сөніп қалады.

Бұл округке Томарлы ауылынан өзге Көктем, Жұлдыз, Талғайраң және Бесікті ауылдары кіреді. Оларда 2500-ге жуық сайлаушы бар. Ертеңгі сайлауда олар 6 учаскеде өзі еріктерін білдіретін болады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Айтқандай, биылғы сайлау пандемия жағдайында өтетіндіктен сантиарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс.

Нұрлыбек Кенжебаев, учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

- Байқаушыларға арнайы орын бөлінген және сайлаушыларға да ертең келгенде арақашықтықты сақтау, септикпен қолдарын өңдеу секілді, бәрі қарастырылды. Және бір бағыт бойынша кіреді екінші есіктен осы сайлау үйінен шығып кету қарастырылған.

Атырау қаласына қарасты Қайыршақты және Дамбы ауылдық окрургінде 14 мыңнан астам сайлаушы бар. Әкімдік қызметке талапкер ретінде 6 кандидат тіркеліпті. Оның 3-і саяси партиялардан, 3-і өзін өзі ұсынғандар. Кандидаттарды тіркеу 9 шілдеге дейін жалғасады. Сол себепті сайлау учаскелері демалыс күндері де жұмыс істейтін болады.

Есенжол Жұмағалиев, қалалық-аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Осы екі округте 7 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыстарын бастап кетті. 59 сайлау комиссиясының мүшесі жұмыс істейді. 5 шілдеде барлық сайлау комиссияларына жергілікті атқарушы органдардан сайлауышар тізімі беріледі. Сол тізім бойынша 5-10 аралығында комиссия мүшелері қызметтерін атқарады. Шілденің 10-ынан бастап әрбір сайлаушы келіп, өзінің тізімде бар-жоқтығын нақтылап білуіне болады.

Бүгінде ауыл тұрғындарының әлеуметтік проблемалары біртіндеп шешімін тауып келеді. Дегенмен, электр энергиясына мұқтаждық, жазғы су құбыры, жекеменшік мал ұстайтындарың жағдайы секілді мәселелер бар. Олардың шешімін ауылдықтар жаңа сайланатын әкімдерден күтеді. 

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин