Беларусь және Түрікменстан президенттері Н.Назарбаевқа жеделхат жолдады

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Елорда күні мен Елбасының туған күніне орай келіп жатқан хаттар мен жеделхаттар легі жалғасуда.

Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Елбасының тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен өркендеуіндегі айрықша рөлін атап өтті.

– Сіздің Беларусь пен Қазақстан арасында жемісті байланыс орнатуға, еуразиялық интеграция идеясын іс жүзіне асырып, посткеңестік кеңістікте тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан өлшеусіз үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Әрдайым екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара тиімді шешім қабылдауға әзірлігімен әрі ашықтығымен ерекшеленетін жақын қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймын, – делінген А.Лукашенконың жеделхатында.

Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қазіргі Қазақстанның тарихы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін айтты.

– Түрікменстан мен Қазақстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін ерекше атап өткім келеді. Түрікменстан мен Қазақстанның мемлекетаралық қатынастары және стратегиялық серіктестігі алдағы уақытта да біздің бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін дамып, нығая түсетініне сенімім мол, – делінген Түрікменстан Президентінің хатында.

Ақпарат көзі: elbasy.kz