Қазақстандық саясаттанушы: Ауғанстанда болып жатқан жағдай – елдің ішкі істері

Тәжікстан Ауғанстаннан төнген қауіп-қатердің алдын алып, оңтүстік шекараларын қорғау үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан көмек сұрады.

Бұл туралы осы елдің ұйымдағы тұрақты өкілі Хасан Султонов хабарлады. Ресми Душанбенің мәлімдеуінше, ауған жеріндегі қазіргі ахуал ұйым шеңберінде шұғыл әрекет етуді талап етеді. Өйткені Ауғанстанмен 910 шақырымға созылған шекараның кей бөлігі қиын таулы аудандардан өтеді. Душанбе жақында оны қорғауды күшейту үшін резервтегі 20 мың азаматты әскерге шақырды. Мәселеге қатысты қазақстандық саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков Ауғанстанда болып жатқан жағдайды елдің ішкі істері екенін айтады. Және тәліптер өзге елдерге шабуыл жасамайтынын талай мәрте жариялағанына назар аударды. Ал Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы елдеріне қандай да әскери немесе өзге де қауіп-қатерге жауап беретін келісілген іс-әрекет жоспары бар дейді.

Сұлтан Әкімбеков, саясаттанушы:

- Біздің бағытта шағын топтар ғана әрекет етуі мүмкін. Бірақ олардың барлығымен Тәжікстан, Өзбекстан және қазір тәжік жерінде орналасқан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы күштері төтеп бере алады. Сондықтан Қазақстанның Тәжікстанға әскерін аттандырудың қажеттілігі жоқ. Оның үстіне бірнеше күн бұрын ұйым өкілдері шұғыл әрекет ететін элиталы күштер жасақталғаннын мәлімдеген. Оған Қазақстан жасақтары да кіреді. Ұйымға мүше елдердің аумағында орналасқан бұл күштер қажет болған жағдайда қауіп төнген бағытқа аттандырылады.

Айта кетейік, АҚШ пен НАТО ауған жерінен әскерін әкету туралы шешім қабылдаған соң «Талибан» қозғалысы үкімет қарамағындағы аймақтарға шаубылды күшейтіп, елдің едәуір бөлігін басып алды. Ресми дерекке қарағанда тәліптер қазірге дейін осы елдегі 400-ге жуық ауданның 160-тан астамын бақылауына алған. Оның ішінде Тәжікстан және Қытаймен шекараласатын Бадахшан аймағындағы 6 аудан бар.