424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысында 18 ауылдық округтің әкімі сайланады

  • 115
  • UPD: 10:44, 13.07.2021

Мұнайлы өңірдегі 36 сайлау учаскесінде қазір дайындық жұмыстары қарқынды. Ұсынылған 73 үміткердің 57-сі тіркеліп қойған. Жылыой ауданында екі ауылдық округ бойынша 6 үміткер бақ сынайды. Соның бірі мұнайлы мекен Қосшағыл ауылы.

1935 жылы құрылған Қосшағыл ауылдық округінде қазір 5 мың адам тұрады. Қосшағылдықтар 25 шілде күні өз әкімдерін сайламақ. Ауыл халқының сайлаудан күтері көп. Тұрғындар өздері сайлаған ауыл басшысының атына сай болғанын қалайды.

Болат Естілеуов, Қосшағыл ауылының тұрғыны:

- Халық өздері кімді сайлайды, өздері шешеді. Бұл жерде кімнің кімге қалай қол қоятынына, белгі салатынын білмеймін. Бірақ әкім бол, халқыңа жақын бол. Халықтың жағдайын ойлайтын әкім керек бізге. Өзіміздің сайлаған әкім өзіміздің ауылдың мұң-мұқтажын, керек-жарағын, жоқты бардай қылып көрсетіп, халықпен бірге жұмыс жасау керек. Біздің әкімнен тілейтініміз осы.

Қосшағыл ауылының тұрғындарын толғандыратын мәселелер баршылық. Атап айтқанда, электр желісіндегі жүйесіздік, ауыз су тарифінің қымбатшылығы және тазалық төңірегіндегі түйткілдер мазалайды. Ауылдықтар өздері сайлайтын әкімнің көкейкесті мәселелерге қозғау салуын қалайды. Қазір Қосшағыл ауылдық округі бойынша 3 үміткер тіркелген.

Зәуре Қалмұқанова, Жылыой аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы:

- 14 шілдеге дейін тіркеу жұмыстары, кандидаттарымыздың сәйкестіктері, арнайы тексерулер жүргізіліп жатыр. 14 шілдеден басталып, 10 күн ішінде өздерінің бағдарламаларымен таныстырып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Сайлау учаскелеріміз сайлаушыларымызды қабылдауға дайын. Сайлаушылар өздері таңдайды әкімдерін, осы сайлаудың ерекшелігі сол.

Жылыой ауданы бойынша екі ауылдың әкімі сайланбақ. Қазір Қара арна және Қосшағыл ауылдық округтері бойынша 6 үміткер тіркеліпті. Ауылдағылардың өз қалауларын білдіруге белсенділік танытары сөзсіз. Себебі облыс жұртының 60 проценттен астамы ауылдарда тұратын Атырау үшін бұл сайлаудың маңызы айрықша екені даусыз. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы