ШЫҰ елдерінің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті

Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Тәжікстан Республикасының төрағалығымен өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Отырыс алдында ШЫҰ елдерінің сыртқы істер министрлерін Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон қабылдады.

СІМК барысында ШЫҰ елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары ұйымның 20 жыл ішіндегі қызметін қорытындылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерді талқылады. ШЫҰ қызметін одан әрі дамытудың бірінші кезектегі міндеттері және ұйымның басқа да көпжақты құрылымдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелері қаралды.

Өз сөзінде министр М.Тілеуберді ШЫҰ-ның халықаралық қауіпсіздік пен өңірлік ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі мен маңызын атап өтті.

«Ұйымның басқа мүшелерімен бірге Қазақстан ұйымның зор әлеуетін толыққанды іске асыруға өзінің тұрақты түрде лайықты үлесін қосуға ұмтылуда», - деді Қазақстан СІМ басшысы.

Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері 2021 жылғы қыркүйекте Душанбеде өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындық барысын мақұлдап, сондай-ақ Душанбе декларациясы және мерейтойлық саммиттің басқа да қорытынды шешімдерінің жобаларын бекітті.

Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ сыртқы істер министрлерінің ақпараттық хабарламасы қабылданды.

Сол күні сыртқы істер министрлері деңгейінде «ШЫҰ – Ауғанстан» Байланыс тобының отырысы өтті, оның барысында қатысушылар АИР-дағы ағымдағы әскери-саяси жағдайды және ШЫҰ-ның Ауғанстанмен одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады. ШЫҰ Байланыс тобының Ауғанстанмен кездесу қорытындысы бойынша ШЫҰ мүше мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің Бірлескен мәлімдемесі қабылданды.

Іс-шара аясында М.Тілеуберді Пәкістан сыртқы істер министрі Махмуд Курешимен екіжақты келіссөздер жүргізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Ақпарат көзі: ҚР СІМ баспасөз қызметі