Ташкентте АҚШ пен Орталық Азия елдері ауған мәселесін талқылады

Ташкентте Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі өтті.

Басқосуда Ауғанстанда тұрақтылықты қамтамасыз ету және өңірлік ынтымақтыстықты дамыту мәселелері талқыға салынды. Тараптар алтыншы тамызда Ашхабадта өтетін Орталық Азия мемлекет басшыларының Консультативтік кездесуіне дайындық шараларын пысықтады. Сондай-ақ С5+1 форматында Орталық Азия елдері сыртқы саяси ведомстволарының басшылары мен АҚШ Әкімшілігінің өкілдерінің кезекті кездесуі өтті. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстанның сыртқы істер министрлері АҚШ делегациясымен Ауғанстандағы ахуал жөнінде пікір алмасты. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде биоқауіпсіздік, сауда-инвестициялық ынтымақтастық, энергетикалық әріптестік, климаттың өзгеруі, адам саудасына қарсы күрес және адами капиталды дамыту сияқты бағыттар бойынша өңірлік өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан және АҚШ делегациялары жеке кездесіп, Ауғанстанда қалыптасқан жағдайды қайта талқылап, аймақта тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бұл елдегі саяси күштер арасында диалогты алға бастыру қажеттігін атап өтті.