Сайлауда ауыл халқының саяси ұстанымы анықталады – А.Данилов

Ауыл әкімдерін сайлау кезінде халықтың 70 проценті немесе одан жоғары үлесі дауыс береді. Бұл ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Александр Даниловтың болжамы.

Сарапшының айтуынша, ауыл-аймақтағы дауыс беру белсенділігі әдетте жоғары. Оның үстіне ауыл жағдайын жақсартуды қалайтын тұрғындар әкімді таңдауда шет қалуы екіталай. Бұдан бөлек бүгінгі сайлау халықтың жер-жердегі партияларға қатысты пікірін айғақтайды. Демек, бұл саяси партиялардың шалғайдағы елді мекенде атқарып жатқан жұмысына нағыз баға берер сәт. Сонымен қатар өзін өзі ұсынғандардың саяси беделі дәл осы науқанда анықталады. Александр Даниловтың пікірінше, өзін ұсынған кандидаттар қалыптасқан партиялармен саяси бәсекеге қаншалықты түсе алатыны бүгінгі сайлау көрсететін болады. Оған қоса дауыстарды санау кезінде «бәріне қарсымын» деген ұстанымдағы халықтың үлесі де анықталмақ.

Александр Данилов, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Ауылдағы коммуникациялық процесс басқаша өрбиді. Онда да өздерінің жергілікті пабликтері бар. Дәл сол жерде жастар комментарий қалдырып, жоғары белсенділік танытып жатыр. Егер басқа жағынан алып қарасақ, белсенді жастардың бірі сайлауда жеңсе, бұл өзгелерге үлгі болмақ. Яғни жастардың ауылға қайтып, өз күшін сынап көруге ынталандыра түседі.