Сайлау – саяси маңызды тәжірибе – Т.Рақымбеков

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі ауыл-аймақ басшысын тұңғыш рет жергілікті халықтың өзі таңдағалы отыр.

Сол себепті бүгінгі сайлау саяси тұрғыдан маңызды тәжірибе. Десе де қоғам қайраткері Төлеутай Рақымбековтың пікірінше, дауыс беру кезінде халықтың белсенділігі жоғары болуға тиіс. Өйткені әкімді тікелей сайлау арқылы тұрғындар туған ауылының тағдырын шешеді. Алғаш қолға алынған науқан елді мекендердегі сайлау процесінің бұдан әрі жетілуіне жол ашпақ. Бүгін жер-жердегі ауыл ағайыны 730 әкімге дауыс беретінін белгілі. Әзірге бұл Қазақстандағы ауылдық округтар мен елді-мекендерді басқаратын әкім-қараның үштен бір бөлігі ғана. Бұл ретте Төлеутай Рақымбеков уақыты келген кезде қалған әкімдерді сайлау оңтайлана түспек деген ойда.

Төлеутай Рақымбеков, қоғам қайраткері:

– Мысалы, заңды да талқылаған кезде көп сұрақтар болды. Әртүрлі пікірлер, көзқарастар болды: олай емес, былай жазайық, былай көрсетейік дегендей. Сонда көбінесе мынадай ойға келетінбіз, «көрейік» - бұл бірінші тәжірибе. Ертең керек деп жатса, онда заңға да өзгерістер енгізуге болады. Қандай өзгеріс? Мысалы, қазір білмейміз ғой қандай нәтиже болатынын. Қалай өтеді бұл сайлау. Мысалы, үміткерлерге қойылатын талаптар да әртүрлі болады. Соның бәрін қарау керек, талдау керек.