Сайлау-2021: жастардың белсенділігі жоғары

Ауыл әкімін сайлауда маңғыстаулықтар да белсенді.

Түпқараған ауданы, Ақшұқыр селосында түске дейін халықтың 45%-і дауыс беріп үлгерген. Алтын бесік – ауылдың тағдыры таразы басына түсерде саяси додадан жастар да шет қалар емес. Кеше ғана кәмелет жасқа толған Абылай Жаңабай маңызды науқанға өз үлесін қосуға таң атпай келген. Оның айтуынша, мұнайлы өлке жұртының мұң-мұқтажы аз емес. Жаңа басшыдан қордаланған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің оңтайлы шешілуін, өңірдің өркендеуін күтетінін жеткізді.

Айта кетейік, Ақшұқыр ауылында 13 мыңдай адам тұрады, оның 6 мыңы дауыс беруге тиіс. Сайлаушылардың тең жартысы жастар. Жалпы, облыс бойынша сайлау 12 ауылдық округте өтіп, онда 25 үміткер бақ сынап жатыр.

Абылай Жаңабаев, ауыл тұрғыны:

Осы жылы мектеп бітірдім. Әрбір дауыс маңызды. Ауылдың көркеюі үшін дауыс беруге келдім. Ауыл арасында жүргенде қоқыс бактарының жетіспеушілігі байқалады, соларды толтыру керек, көшеде қоқыс көп. Халыққа уақытылы түрде су келіп тұрса, бар, бірақ соңғы уақытта проблема тууда. Ауыл арасында жолдардың халі ондай жақсы емес.

Қаламқас Тілеубаева, сайлау учаскесінің төрағасы:

– Сайлаушылардың келуі, даусын беруі өте қарқынды жүріп жатыр. Тұңғыш рет сайланып жатырған ауыл әкіміне деген ауыл халқының сенімі, оған қызығушылығы, сол ауыл әкімінің ел эконимакасын көтеруге, тығыз жұмыс жасауға, қазіргі жағдайдағы тығырықтан шығатын әкімді сайлап жатырмыз деген ұсыныс-пікірлері.

Тағы бір қуантатыны, ауыл әкіміне жастардың түсіп жатқаны үлкен үміт ұялатып тұр.