Әкім сайлауы кезінде «барлығына қарсы дауысты» ең көп берген жерлер аталды

Жылдың екінші жартысында өкілеттік мерзімі аяқталған 800 ауыл әкімі сайланады. Әкімнің бәрін халықтың өзі таңдайтын болады. Дәл кешегідей. Алғаш рет ұйымдастырылған саяси додада 730 әкім сайланды. Тіркелген сайлаушылардың дені өз таңдауын жасаған. Тіпті ұсынылған үміткерлерге қарсы болғандар бар. Оны бюллетеньде белгілеп көрсетті. Ел тарихындағы елеулі оқиғаның нәтижесі қандай?

Солтүстік Қазақстан облысында 214 үміткер саяси додаға қатысты. Оның 71-і жауапты қызметіне кіріспек. Көпшілік аттай қалап алған ең жас әкім тәуелсіздік құрдасы. «Болашақ» бағдарламасының түлегі ауылын түлетуге ниетті. Білімді маманнан білікті әкім шығуы кәміл. Көпшілік осыны ойлап, үміткерге дауыс берген.

Тілеген Каскин, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Сайланған 71 әкімнің 57-і немесе 80,2 проценті мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Оның ішінде нақты ауылдық округте 42 әкім қайтадан сайланды. 4-еуі коммерциялық ұйымдардың өкілдері. Алтауы бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері. Екеуі уақытша жұмыс істемейді.

Қарағанды облысында көпшілік қалауымен 17 әкім бұрынғы қызметін жалғастыратын болды. Саяси шара 75 ауылда ұйымдастырылды. Тіркелген сайлаушылардың 76 проценті дауыс беріп, өз әкімін таңдады.  

Ерқара Аймағанбетов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Ақтас және Дария кентінде сайлаушылардың дауыстары ең аз, алшақтық бар. Ең көп барлығына қарсы дауыс саны 116. Ақтоғай ауданының Шашубай кентінде, ол 7 процентті құрады. 

Ал Көкше өңірінде 11 ауылдық округте өз-өзін ұсынған кандидаттар ғана бақ сынады. Жалпы аймақта сайлаушылардың басым дауысына ие болған кандидаттардың 15-і әйел. Жеңіске жеткен 95 үміткердің 50-і бұрынғы әкімдер.

Манарбек Сәдуов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Сайланған әкімдердің 81-і саяси партиялардың өкілі. Ал олардың 74-і «Нұр Отан» партиясынан, үшеуі «Ақ жолдан» шықса, «Адал» және «Ауыл» партияларынан бір-бір адамнан өтті. Ал халық таңдаған 14 әкім өзін өзі ұсынғандар санатынан. 

Жетісуда көпшілік даусына ие болған ең үлкен үміткер 62 жаста. Ол алдағы уақытта Еңбекшіқазақ ауданындағы Балтабай ауылдық округін басқарады. Жалпы Алматы облысы бойынша 221 мыңнан астам сайлаушының 67,5 проценті өз таңдауын жасаған.

Қаһарман Жақсылық, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Алматы облысы бойынша 16 аудан мен 1 қалада 71 ауылдық округтің әкімі кешегі күні сайланды. Сайлау енді бізде қалай дайындық жұмыстарын жүргіздік, бірқалыпты, бір деңгейде өтті. Сайлау учаскелерінде бізде кереметтей бір алып бара жатқан кемшілік не болмаса бір заң бұзушылық кездескен жоқ.

Батыс Қазақстан облысында сайланған әкімдердің 23-і мемлекеттік қызметкер. Лауазымды тұлғалардың арасында бір әйел бар. Ол Қарағанды ауылдық округінің тізгінін ұстайды.

Ғайса Қапақов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Сайлауды жарамсыз деп тануға немесе қайтадан өткізуге негіз байқалған жоқ. Сайлау бюллетеньдеріне 81 кандидат енгізілді. «Барлығына қарсы дауыс» деген ең көбі Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылдық округінде болды. 133 адам қарсымыз деген. Сайланғандардың 26-сы сайлау өткізілген ауылдық округте, екеуі ауданда, үшеуі облыста тұрады.

Ауыл әкімін сайлау Қазақстан ғана емес, Орталық Азия тарихындағы елеулі оқиға болды. 730 әкімді халықтың өзі таңдады. Бұл демократияға қадам дейді саясаттанушылар. Енді туған ауылының тұрмысын дұрыстауға деген ізгі ниет пен жауапкершілік үйлесім тапса болғаны.

Мерей Мұратханқызы