ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері бас қосты

Бүгін Душанбеде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылады.

Қорғаныс ведомстволарының басшылары ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы өзара түсіністіктің жоғары деңгейде екенін атап өтті. Сонымен қоса, Ауғанстан аумағындағы тәуекелдер мен қатерлерді бейтараптандыру жөніндегі бағыттар мен ықтимал іс-қимылдарды қарады. Кеңеске қатысушылар ШЫҰ-ның өңірлік серіктес ұйымдармен іс жүзінде өзара іс-қимылды арттыру жайын талқылады.

Қазақстанның Қорғаныс министрі бүгінгі күні өңірлік қана емес, жалпыәлемдік ауқымда да ролі айтарлықтай артып келе жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының көптарапты бірлестік ретінде маңызды екенін атап өтті.

Нұрлан Ермекбаев жаһандық деңгейде бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту тұрғысынан Сирия мәселесін айтып өтті. Ол Астана процесі барысында қол жеткізілген уағдаластықтар осы елдегі толық ауқымды соғыстың айтарлықтай дәрежеде тоқтатылуына және ИГИЛ (Қазақстанда тыйым салынған) өктемдігінің ахуалына ықпал еткенін атап өтті.

Ол Үндістанды, Қытайды, Ресейді және Пәкістанды қоса алғанда, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге коронавирустық инфекция пандемиясына қарсы іс-қимыл шеңберіндегі белсенді және нәтижелі ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.

Кеңестің қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылып, бірлескен коммюнике қабылданды және екі жыл мерзімге кезекті ынтымақтастық жоспары бекітілді.

Өңірдегі, әсіресе Ауғанстан мен Ирактағы АҚШ пен НАТО әскери миссияларының аяқталуына байланысты қауіп-қатерлер санының артуын ескерсек, Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі екі жақты және көп жақты әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық ерекше маңызды.

Бұл жөнінде Қазақстан мен Қытай қорғаныс ведомстволарының басшылары екіжақты кездесу барысында айтты. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бүгінгі күні жоғары деңгейде екенін, сондай-ақ оны одан әрі дамытуға әлеуеттің бар екенін атап өтті.

Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Қытай қорғаныс министрі генерал-полковник Вэй Фэнхэні Қазақстанға шақырды.

Қазақстан әскери ведомствосының басшысы сондай-ақ, Беларусь, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан мен Өзбекстан қорғаныс министрлерімен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында әскери дайындық пен әскери білім беру, сондай-ақ қарулы күштер қызметінің басқа да өзекті бағыттары бойынша белсенді өзара іс-қимылды атап өтті.