Қ.Тоқаев Армения премьер-министрі Н.Пашинянға құттықтау жеделхатын жолдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянды Армения Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

– Сізге артылған сенім – қоғамдағы тұрақтылықты, бірлік пен келісімді қамтамасыз етуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, Арменияның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған саясатыңыздың кең қолдау тапқанының айқын көрінісі, – делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянның аса жауапты мемлекеттік лауазымдағы қызметі Арменияның тұрақты дамуы мен ілгерілеуіне, сондай-ақ, Қазақстанмен арадағы екіжақты және көпжақты қатынастарды кеңейтіп, тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы Арменияның Премьер-Министріне зор денсаулық пен мол табыс, достас армян халқына игіліктер мен өркендеу тіледі.