Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жаңа қызметке сайланды

Сапархан Омаров «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы «Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы лауазымына сайланды, деп хабарлайды Хабар 24 ҚРАШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

«С. Омаровтың Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және астық саласын дамыту саласындағы көпжылдық нәтижелі қызметін, сондай-ақ астықты мемлекеттік сатып алу жүйесінде табысты тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м. а. биылғы 28 шілдедегі № 227 бұйрығымен ҚР Үкіметінің келісіміне сәйкес, Омаров Сапархан Кесікбайұлы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы «Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы лауазымына сайланды.

Сапархан Омаров 1968 жылы 5 мамырда дүниеге келген.

1996 жылдан 2007 жылға дейін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-да қызмет атқарған. Азық-түлік корпорациясындағы 11 жыл ішінде бөлім бастығынан Вице-Президентке дейін көтерілді.

2008-2011 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2011-2014 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болды.

2 жыл бойы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Вице-министрі болып еңбек етті.

2016 жылғы 24 наурыздан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы болды.

2019 жылғы 25 ақпаннан бастап 2,5 жыл бойы Ауыл шаруашылығы министрі болып жұмыс істеді.

Бүгінгі таңда Азық-түлік келісімшарт корпорациясының алдында ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүргізу міндеттері тұр. С. Омаровтың ауыл шаруашылығында жинақталған тәжірибесі оған Корпорация алдына қойылған міндеттер мен мақсаттарды тиімді орындауға мүмкіндік береді», – делінген АШМ хабарламасында.

Айта кетейік, қуаңшылық пен мал қырылуынан кейін 10 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отставкаға жіберген болатын.

«Бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған малдың саны 3 мыңға жетті. Бір тонна шөптің орташа бағасы 23 мың теңге, ал кейбір аймақта 42 мың теңге болды. Мұның неге әкеп соқтыратыны белгілі. Тапшылық туындайды, баға өседі. Әкімдіктердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан дұрыс шешім қабылданбаған. Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтуда. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен, бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ең алдымен, осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді. Бірақ, министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алған жоқ. Сондықтан осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін. Бұл жұмыс, әсіресе, дағдарыс кезінде қолыңыздан келмейді екен» деген болатын мемлекет басшысы.