Мемлекет басшысы: Қазақтар да, корейлер де тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары корей халқы үшін тарихи маңызы бар оқиғамен есте қалмақ. Мемлекет басшысының осы сапары аясында корей халқының ұлттық батыры Хон Бом Доның сүйегі туған жеріне жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл рәсімге Қасым-Жомарт Тоқаев пен корей президенті Мун Чжэ Ин қатысты. Қазақстан Президенті өз сөзінде бұл Қазақстанның корей жұртына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің белгісі екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақтар да, корейлер де тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Генерал тағдырдың жазуымен өмірінің соңғы жылдарын қазақ жерінде өткізді. Содан бері қанша жыл өтсе де, атажұртында батырдың ерлігі ұмытылған жоқ. Оны біздің халқымыз да жақсы біледі. Қызылорда қаласында Хон Бом Доның құрметіне мемориал тұрғызылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде корей ұлтының көптеген өкілі Қазақстанға еріксіз қоныс аударғанын, олардың арасында танымал тұлғалардың да барын атап өтті. Сондай-ақ Президент қазақ жерінде өсіп-өнген кәрістер өз тамырынан ажырамай, тілі мен ділін сақтауына барлық жағдай жасалғанын да айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жер аударылған кәрістердің бәрін халқымыз бауырына басып, паналатты. Олар қазақ жерінде өсіп-өніп, нағыз отандастарымызға айналды. Біздің елде әр этностың өз тамырынан ажырамай, тілі мен ділін сақтауына барлық жағдай жасалған. Корей диаспорасы да осы игілікті көріп отыр. Елімізде Қазақстан корейлерінің қауымдастығы бар. Корей мәдени орталықтары мен корей театры жұмыс істейді.  Сондай-ақ корей тілінде газет шығады. Кәріс бауырларымыз көптеген салада табысты еңбек етуде. Олардың ел экономикасын өркендетуге қосып жатқан үлесі зор.

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Мун Чже Инге корей халқының ұлттық батыры Хон Бом Доның қабірінен алынған топырақты табыстады. Корея Республикасының Президенті Мун Чже Ин Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор ризашылығын білдіріп, ұлт батыры Хон Бом Доға ең жоғары мемлекеттік награда берілгенін хабарлады.

Мун Чжэ Ин, Оңтүстік Корея Республикасының Президенті:

– Корей халқы 15 тамыз күні тәуелсіздік күнін атап өтті. Ал Хон Бом До – халқының азаттығы үшін күрескен ұлы тұлға. Бұл – сөзсіз біз үшін үлкен оқиға, маңызды шара.