Ауғанстандағы этникалық қазақтар елге әкелінуі мүмкін

Ауғанстанда барлығы 15-ке жуық этникалық қазақ отбасы тұрады. Бұл – шамамен 200-дей адам, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадяровтың мәліметі осындай. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы елдегі этникалық қазақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тарихи Отанына қайтаруға көмек көрсету бойынша Сыртқы істер министрлігіне арнайы тапсырма берген. Осыған байланысты мәселе Ауғанстандағы елшіліктің ерекше бақылауына алынды. Қазір Кабулде біздің елдің оншақты дипломаты штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында азаматтардың этникалық қазақ екенін анықтайтын арнайы комиссия құрылған.

Айбек Смадяров, ҚР СІМ ресми өкілі:

– Кейбір БАҚ Ауғанстанда бірнеше мың этникалық қазақ тұратыны туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Осыған байланысты ақпаратты мұқият тексеріп, қажетсіз дүрліктірмеуді сұраймыз. Біз тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз және Ауғанстандағы қазақтармен тұрақты байланыстамыз. Соңғы күндері Қазақстан елшілігіне өзін «қазақпыз» деп таныстыратын түрлі топтар көбейіп кетті. Бірақ іс жүзінде олардың ешқандай дәлелі жоқ. Кейбірі қазақ тілін білмейді. Сондай-ақ ата-бабаларының Ауғанстан ауданына қоныс аудару тарихы мен ру, тайпалық байланыстары туралы айта алмайды. Біз этникалық қазақтардың тарихи отанына оралу туралы өтініштеріне мұқият тексеру жүргіземіз.