Президент ШҚО әкіміне аз қамтылған отбасыларға үнемі көмек көрсетуді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының әкімін қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Даниал Ахметов аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп берді. Оның айтуынша, физикалық өсім индексі 5 процентке жетсе, негізгі капиталға салынған инвестиция 5 проценттен асқан. Ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларында да едәуір өсім байқалады. Кездесуде экономиканы одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, өндіріс қарқынын екі есе арттыруға мүмкіндік беретін «Ақтоғай» металлургия кешенінің екінші кезегін аяқтау мәселесі сөз болды. Шығыс Қазақстан облысында білім беру нысандары дәстүрлі форматқа көшуге дайын. Білім беру саласының қызметкерлері түгелдей дерлік вакцина алған. Облыста күніне 10 мың адам екпе салдырады. Жалпы 747 мың адамды вакциналау жоспарланған. Даниал Ахметов Мемлекет басшысын бұқаралық спортты дамыту жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы да хабардар етті. Мектептегі спортты дамытуға қосымша 890 миллион теңге бөлінген. Бүгінде мектеп оқушыларының 50 проценттен астамының спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар. Биыл тағы 15 ірі спорт нысанының құрылысы аяқталады. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді орындау маңызды екенін атап өтіп, өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға үнемі көмек көрсетуді тапсырды.