ЕО өкілі адам құқығын сақтауға шақырады

Қазақстанға таяуда сапармен келген Еуразиялық одақтың Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі Тери Хакала бүгін еліміздің Сыртқы істер министрлігінде келіссөз өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тілшілерімізге берген сұхбатында ол Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы әріптестік пен ынтымақтастыққа оң баға беріп, тараптардың бірлесе қолға алған барлық мәселесі нәтижелі іске асып жатқанын айтты. Сондай-ақ Тери Хакала 2019 жылы мақұлдаған Еуроодақтың Орталық Азия бойынша стратегиясының даму тұстары да жан-жақты талқыланғанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар Ауғанстандағы қазіргі жағдай да назардан тыс қалмады. Тери Хакаланың айтуынша, Еуропалық одақ Ауғанстандағы ахуалға алаңдаушылық білдіріп, аймақта халықаралық заңға сәйкес адам құқығының сақталуын талап етеді.

Тери Хакала, ЕО Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі:

– Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық белсенді түрде дамып келеді. Қабылданған екіжақты шарттар тиісті деңгейде жүзеге асырылып, 2019 жылы мақұлдаған Еуроодақтың Орталық Азия бойынша стратегиясының даму тұстары да сәтті іске асырылуда. Жергілікті билікпен кездесу барысында адам құқығы, азаматтық қоғамның қалыптасуы және дамуы да жан-жақты талқыланды. Ауғанстандағы жағдайға келсек, Еуроодақ елдері ауған жеріндегі өз азаматтарын елге қайтару мәселесін әлі де шешіп жатыр. Біз Ауғанстанда адам құқығының сақталуын қалаймыз.