ҚР СІМ: БҰҰ миссиясы Алматыда кемі алты ай болады

Біріккен ұлттар ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясы Алматыда кемі алты ай болады.

Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин мәлімдеді. Оның айтуынша, егер осы уақыт аралығында Ауғанстандағы ахуал жақсармаса, келісім одан әрі ұзартылуы да мүмкін. Жалпы Ауғанстаннан БҰҰ-ның 135 қызметкері келді. Олардың кейбірі өз елдеріне кеткен. Қазір алпыс шақты адам қалды. Алдағы уақытта олардың саны 100-ге жеткізіледі. Халықаралық ұйым қызметкерлерінің жүріп-тұруына қажетті барлық шығынды ұйым қаржыландырады.

Ақан Рахметуллин, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- БҰҰ басшылығы өзінің Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясының және сол елде тіркелген БҰҰ ның басқа да агенттіктері қызметкерлерінің бір бөлігін Алматы қаласына уақытша орналастыру туралы өтініш білдірді. Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және еліміздің осы ұйымның толыққанды әрі белсенді мүшесі ретіндегі міндеттемелерін ескере отырып, Президент Қ.Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады.

Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, Қазақстан тәліптердің билігін мойындаған жоқ. Десе де, Кабулдағы Қазақстан елшілігін қазір солар күзетіп тұр. Олар қаланы басып алған күні елшілікке келіп, жұмысты бұрынғыша жалғастыра беруді ескерткен және дипломаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берген.