Н.Назарбаев Б.Байбекті қабылдады

«Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Бауыржан Байбекті қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесуде сайлауалды бағдарламаны одан әрі жүзеге асыру мен ауыл әкімдерін сайлау нәтижесі талқыланды. Елбасы қараша айында партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтетінін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындармен белсенді жұмыс істеуді жалғастыру керек екеніне назар аударды. «Партия беделін нығайта түсу керек» деді Елбасы. Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясының өкілдері елді мекендердің 86 процентінде жеңіске жеткенін айтты. Жыл басынан бері қоғамдық қабылдауға 103 мың адам жүгінді деді партия төрағасының бірінші орынбасары. Елбасы саяси кеңестің кеңейтілген отырысын сапалы ұйымдастыруды тапсырды.   

Нұрсұлтан Назарбаев, «Nur Оtan» партиясының төрағасы:

– Биыл партия үшін өте үлкен науқанды жыл болды. Мәжіліске депутаттарды сайлауға қатысты. Ол жерде де партия мүшелері жеңіп шықты. Үлкен жұмыс. Партияның аппараты, партияның қызметкерлері көп жұмыс істеді.Тұңғыш рет ауылдың әкімдерін сайлап шықтық. Ол да абыройлы болды. Партияның беделін әрі қарай көтере берейік. Соған жұмыс істейік.

Бауыржан Байбек «Nur Оtan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Жылдың басынан бастап бірден берген уәделерді орындауға кірістік. 217 бағдарлама қабылданды. Әр қалада, әр ауданда, әр өңірде бақылауда ұстап отырмыз. Қазір 103 мыңнан астам халық партияға сұрақтармен жүгініп келді. Біздің депутаттарымыз, партияның мүшелері, мемлекеттік органның басшылары 20 мыңнан астам қабылдау өткізді. Бізде өңірде қазірдің өзінде 4 жарым мыңнан астам үлкен сұрақтар, халықты толғандыратын сұрақтарды бақылауда ұстап отырмыз, шешіп жатырмыз.