Эфиопияда Қазақстанның ядролық қарусыздануына арналған семинар өтті

Эфиопия астанасы Аддис-Абебада «Ядролық қарудан және ядролық сынақтардан азат әлемге қол жеткізу» тақырыбында семинар өтті.

Шара Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Семинарға Эфиопияның Сыртқы істер министрлігі, Африка одағы комиссиясы, Стокгольм бастамасының өкілдері қатысты. Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі Барлыбай Садықов еліміздің жаһандық ядролық қарусыздану үрдісіне қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына тоқталды.  Айта кетейік, биыл Африка елдері ядролық қарудан азат аймақ туралы Пелиндаб келісімінің 25 жылдығын атап өтеді.

Йонас Адайо, Аддис-Абеба университеті жанындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті зерттеу институтының директоры:

- Қазақстанның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесін адамзат ұмытпайды. Ядролық полигоннан құтылу бойынша алғашқы бастаманы көрсете отырып, Нұрсұлтан Назарбаев батыл қадам жасады. Университеттің профессоры ретінде мен көптеген елдердің керісінше ядролық қаруды иемдену үшін күресіп жатқанын айта аламын, бірақ одан құтылудың амалын жасап жатқан жоқ. Қазақстан әлем елдеріне үлгі көрсетті.

Тессема Хундума, Эфиопияның «Оромо азаттық қозғалысы» партиясының өкілі: 

- Біз ядролық сынақтарға қарсымыз. Кез келген қақтығысты ядролық қару арқылы емес, диалог арқылы шешуге болады. Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күннің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімін толық қолдаймыз.