Аза тұту күні: Түркия елшілігі мемлекеттік туын түсірді

Түркияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі қазақ халқымен тілектестік ниетін білдіріп, Нұр-Сұлтан қаласындағы ғимаратына ілінген мемлекеттік туды төмен түсірді, деп хабарлайды Хабар 24. Бұл туралы Елшіліктің Facebook-тегі парақшасында хабарланды.

«Қазақстанда жарияланған ұлттық аза тұту күніне байланысты бауырлас қазақ халқымен тілектестік ниетінде Елшілігіміздегі туымызды жартылай төмен түсірдік. Осы орайда, жарылыстардан қаза тапқандарға тағы да Алладан рақым, жараланғандардың да тезірек сауығып кетуін тілейміз», делінген Елшіліктің хабарламасында.

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Соңғы дерек бойынша, сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз.

Бүгін қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде қаза тапқандардың рухына бағышталып құранхатым оқылды.