425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қ.Тоқаев Қырғызстанды тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады

  • 121
  • UPD: 14:29, 31.08.2021
Қ.Тоқаев Қырғызстанды тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады Ақорда

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президентінің атына құттықтау жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа жеделхат жолдап, қазақстандықтардың және жеке өзінің атынан Қырғызстан басшысын және қырғыз халқын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтады.

– Бұл – егемен Қырғызстан тарихындағы ұлттың бірлігін, тұрақтылығын, жасампаздық рухын бейнелейтін, мемлекеттілікті одан әрі нығайту, Қырғыз елінің ұзақ мерзімді және тұрақты дамуы үшін мәңгілік маңызды күн, – делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз қатынастарының дамуын жоғары бағалады.

– Тарихы терең бауырлас халықтардың ортақ мүдделері мен ғасырлар бойғы достығы және татукөршілік дәстүрін сақтай отырып,  Тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен-ақ қазақ пен қырғыз иық тіресіп, өзара жетістіктерге шынайы қуанып, бір-біріне үнемі қолдау көрсетіп келеді. Күш-жігерімізді жұмылдырып, көп қырлы ынтымақтастығымыздың тұрақты дамуына тың серпін бере алатынымызға сенімдімін. Бұл қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы үшін жаңа көкжиектерге жол ашады, – деп жазды Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың жауапты мемлекеттік қызметіне толағай табыс, бауырлас қырғыз халқына өркендеу мен өрлеу тіледі.

Хабар 24 телеарнасы