Тоқаев: Сыртқы қатерге дайын болуымыз керек

«Біз сыртқы қатерге және оқиғаның қалай өрбуіне де дайын болуымыз керек». Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Ауғанстандағы ахуалға қатысты осылай деді.

Қауіпсіздік органдарына кез келген жағдайға дайын болу керектігін айтты. Бұл мемлекетте АҚШ әскерінің шығарылуынан кейін жалпы құны 85 млрд долларға пара-пар заманауи қару-жарақ қалды. Демек, тәліптердің қолында алапат күш бар. Осы ретте Қазақстан аймақтағы ахуал мен тәліптердің саясатын мұқият бақылап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ауғанстандағы ахуал және жаһандық шиеленістің күшеюі бізге қорғаныс өнеркәсібі кешенін және Әскери доктринамызды толығымен қайта қарауға міндеттейді. Қорғаныс қабілетімізді нығайтып, қауіп-қатерлерге жедел үн қату мемлекеттік маңызы бар басымдыққа айналуға тиіс. Біз сыртқы қатерге және оқиғаның қалай өрбуіне де дайын болуымыз керек. Сырттан төнетін қауіпті модельдеу айрықша өзектілікке ие болуда. Стрес-тест өткізіп, сценарийлер дайындаған жөн. Соның негізінде мемлекеттік аппараттың іс-қимыл жоспары әзірленіп, түзетіліп отыратын болады.